Сәбит Дөнентаев «Көркемтай»

 

Бала кезімде үйдегі көне кітаптардан тапқан әңгіме, повесть, ертегілерді қалдырмай оқитынмын. Қазір тіпті кейбіреулері есімде де қалмаған, қайта оқып отырып, мен бұл оқиғаны білетін сияқтымын деп күмәнданып қараймын. Кейде есіме түседі, кейде түспейді. Бірақ бір оқыған әңгімені ешқашан ұмытпаймын. Ол — Сәбит Дөнентаевтың “Көркемтай” шығармасы.

Сәбит Дөнентаев қазақ әдебиетінде ақын ретінде орын алған тұлға. Бірақ Көркемтайдың оқиғасын оқи отырып, бұл кісі өмір бойы әңгіме, повесть, роман жазған шығар деген ойға қаласың. Мен бала күнімде оқығаныма қарамастан, оқиғаны бастан аяқ көз алдыма елестете отырып, әр сөзін түсініп оқыдым, әр сөзі маған әсер қалдырды. Менің кітапқа деген, әдебиетке деген махабатымды қалыптастырған бірден-бір шығарма деп білемін. Оқып болған соң, әжемді құшақтап, түннің жартысын жылап шықтым. Қазір ойлаймын неге жыладым? Жетім қыздың әр көрген тауқыметін сезінгеннен бе, әлде өзімнің бейбіт заманда, тоқшылықта, ата-анамның қасында өсіп жатқаныма шүкіршілік айтқаннан ба, ол жағы есімде жоқ.

Шығарманың басы өте көңілді басталады. Көркемтай жоқшылық заман болса да, әкесі ерте өмірден өтсе де, шешесінің арқасында, шешесінің қызына деген шексіз мейірімі мен махабатының арқасында жетімдік көрмей өседі. Кішкентай қыз өскен сайын көре алмайтын адамдар қатігез сөздері арқылы баланың сағын сындыруға тырысып бағады. Бірақ шешесі қасында болғанының арқасында ол ондай сөздерді елемуге тырысады.

Әкесі өлген соң, қыздың шешесі қазақтың көне салты бойынша әмеңгерлікпен бір алыс туысқанына тұрмысқа шығады. Ол кісі мен сендерді асырап отырмын, сендерге басқа не керек деген себеп-сылтаулармен қыздың әкесінен қалған мал-жанды түгел жұмсай бастайды. Ол кезде әйел адамның қаржы мәселесінде билігі болмаған ғой. Айта кететін жайт автор тірі кезінде әйел теңдігі үшін күрескен ер-азаматтардың бірі болып саналады. Шешесі оған көнеді, бірақ бара бара Ысқақтың, яғни шешесінің күйеуінің үй-іші кішкентай Көркемтайға күн көрсетпейді, әр түрлі балағат сөздер айтады, оған шыдамаған шешесі баласын алып кетіп қалады. Бірінші бөлімі осымен аяқталады. Одан кейінгі оқиғалар Ысқақтың үйіндегі жағдаймен басталады. Әрі қарай, Көркемтайдың тұл жетім қалғанын, Ысқақтың шаңырағында тұрып жатқанын, ол үйдегілердің Көркемтайды адам қатарына қоспайтынын білеміз. Шешесінің өлімі кішкентай қыздың өмірге деген ықыласын жоғалтады. Ең ауыр соққының бірі болып, шешесінен қалған, өзі тай кезінен асыраған көкбестінің Ысқақтың тартып алуы болады. Ендігі өмірінің ең жарқын сәулесі — Ысқақтың баласына өз еркіне қарсы тұрмысқа шыққан Нағима болады. Кейін ол да кетіп қалады, ал Көркемтайдың осынау үлкен әлемдегі үйім деп атай алатын жері — шешесінің моласы болады. Өмір әбден тауқыметін көрсеткен кішкентай қыз қалған аз ғана өмірін шешесін сағынумен өткізеді, және де өмірін сол шешесінің моласын құшақтап жатып аяқтайды.

Негізі қазақ әдебиетінің XIX ғасыр аяғы мен  XX ғасырдың басындағы жазушылардың туындыларының ешқайсысы дерлік “бай болып, барша мұратына жетіпті” деген сөздермен аяқталмайды. Мүмкін заман солай болды ма, немесе адам солай болды ма, әйтеуір сол кездің шығармалары осы заманда туғанымызға, осындай бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымызға тәуба дегізеді.

Пікірдің авторы: Назерке Исмагулова

(Visited 1 571 times, 3 visits today)

FB комментарии

comments


Related posts

Leave a Comment