Үздіктердің қалауы: Ақсәуле Әлжан

Сонымен, бізді өзінің сүйікті кітаптарымен таныстырғысы келетін келесі адам – журналист, тележүргізуші Ақсәуле Әлжан. Ақсәуленің айтуынша, өмірлік кәсібін таңдауға да кітапқұмарлығы әсер етіпті. «Ең алғашқы кітабымды – Н.Носковтың «Дымбілмесін» 5 жасымда оқып шықтым, содан бері көз майымды тауысып, оқығаным кітап болды»,– дейді ол.

 

I Book You блогы үшін сүйікті кітаптар тізімін жазып беріңізші деген өтініш кеп түскенде, қуана келістім. Өйткені, кітап оқу – бала күннен сүйікті ісім. Бірақ ә дегеннен кітаптар туралы жазу қиын іс екен. Өйткені шын мәнінде must read, яғни, «оқылуға міндетті» әдебиетті еске түсіру оңай емес, бірін болмағанымен, бірін ұмытып кетуің мүмкін. Сондықтан, бұл менің сүйікті туындыларымның бірлі–жарымы ғана.

image

 

«Ұлпан» Ғабит Мүсірепов

Ақтөбе облысында, Орынбор–Ташкент тас жолының бойында «Ұлпан» деген көлдің жағасында «Ұлпан» деген станция әлі бар дейді. Бұл Ұлпан деген тарихта шынымен болған анамыздың құрметіне қойылған атау. Басын ноқталаған адамның артынан еріп кете бермеген, өз ақылы мен еркі өзінде, ел анасына айналған қазақ қыздары туралы оқығанды жақсы көрем. Сондықтан да болар, бұл – менің ең сүйікті шығармаларымның бірі. Ұлпанның жақын құрбысы Шынарға үйленген Мүсіреп деген кейіпкер бар кітапта. Сол Мүсіреп – автордың арғы аталарының бірі екен. Ғабит «Мүсірепов».

 

 

Акбилек«Ақбілек» Жүсіпбек Аймауытов

Тағдырдың тәлкегіне түссе де, көнбей, бар қиындықты жеңіп шыққан қазақ қызы туралы келесі кітап. Большевиктік идеологияның міндеттеген тұстарына көңіл қоймай оқыса, ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өмір салтынан қазіргі қаладағы «отырықшы» өмірге қалай ауысқанымызды жақсы көрсететін туынды. Ақбілек – 15 жасында орыстың ақ офицерлері зорлап кетіп, одан бала көтеріп қалған, сорлаған қазақ қызы. Әкесі одан түңіліп, ауыл–аймақтың сөзіне қалып, айттырған күйеуі бас тартып, талай қиындықты көргені суреттеледі. Маған, әсіресе, кітаптың тілі ұнайды. «Марқакөлдің суы балдай. Марқакөлдің суын ішіп, отын жеген сары қарын, тұтам емшек жануардың бауырынан сүт сорғалап, сүт емес–ау, құт сорғалап, көнек–көнек лықылдайды….» Тұнып тұрған музыка! Эфирге шығар алдында бір–екі парағын оқып алғанды жақсы көрем. Қазақша осылай сөйлеу керек–ті!

 

image

 

«Көшпенділер» Ілияс Есенберлин

Бұл туындыны суреттеп жатудың өзі артық. Александр Дюма айтады екен: «Болашақта Францияның тарихын білгісі келген адам менің кітаптарыма үңілетін болады,» –деп. Қазақ тарихы туралы білгіңіз келсе, Есенберлиннің трилогиясын оқыңыз. Қазақтың алғашқы «блокбастері»,  30 млн долларға түсірілген «Көшпенділер» кинофильмі де осы туынды желісі бойынша түсірілген.

 

 

Махаббат кызык мол жылдар

 

«Махаббат, қызық мол жылдар» Әзілхан Нұршайықов

Тілі өте қызықты жазылған махаббат туралы ұлы шығарма. Соғыстан қайтқан жас жігіт жоғары білім алу үшін университетке келеді. Филология факультетіне. Курсындағы қырық қыздың ішінен көзі Меңтайға түседі. Меңтайдың есімі де, басты кейіпкердің оған арнап шығарған «Қызыл көрпе» туралы өлеңі де баршаға түсінікті, жалпы ұғымға айналып кетті. «Не сол көрпе астарының бір сабақ, жібі болсам, денесіне тиетін!» Орысша айтқанда, «ни грамма пошлости», бірақ қалай келтіреді!!!

 

image

 

«Құштар көңіл» Қанабек Байсейітов

Жақында Хабар арнасынан «Күләш» деген 4 сериялы фильм жарық көрді. Баян Есентаеваның продюсерлік компаниясы түсіріпті. Қатты қуандым. Өйткені, 6 сыныпта Күләштің жолдасы Қанабек Байсейітовтың «Құштар көңіл» кітабын оқығаннан бері, ұлы әншінің, «қазақ бұлбұлының» тағдырына бей–жай қарай алмайтынмын. Бұл кітап тағы несімен құнды? Бұған дейін қазақ даласында болмаған опера, балет, театр секілді өнерді қазақ сахнасында қоя білген, және осы классикалық жанрларды ұлттық болмысымызға үйлестіре білген аға–апаларымыз туралы да айтылады. Құрманбек Жандарбеков, Шара Жиенқұлова, Иса Байзақов, Манарбек Ержанов, ағайынды Абдуллиндер (Карина Абдуллинаның аталары), т.б. жарық жұлдыздарымыз туралы оқып–біле аласыздар.

image

 

Қасым Қайсеновтың Ұлы отан соғысы, партизандар туралы шығармалары

Соғыс туралы шығармаларды жақсы көрем. Үйдегі кітапханада осы Қасым атамыздың кітаптары көп болатын. Бір де бір кітапты жібермей оқыған өз басым автордың партизандар туралы сериясын жақсы көретінмін. Аталарымыздың ерлігін бағалағыңыз келсе, соғыстың бар ауыртпалығын сезініп, түсінгіңіз келсе, Қайсеновтың кітаптарын оқыңыз. Өйткені Қасымның өзі Украина, Белоруссия ормандарында, партизан отрядтарымен бірге фашистермен күрескен.

 

Б.Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» кітаптары

Осыдан біраз уақыт бұрын менің жолдасым қазақ тіліне шорқақтау болатын. Қазір әжептеуір сөйлейді. Оған бір де бір себеп – әрине, өзінің ынтасы, және Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабы. Қазақ тілін жетілдіргісі келетіндерге таптырмайтын кітап. Осы аттас фильмді барлығы көргендіктен, кітапты да игеру қиынға соқпайды деп ойлаймын. Бірақ автордың Қожадан кем түспейтін «Балалық шаққа саяхат», «Өлгендер қайтып келмейді» секілді кітаптары орынсыз ұмыт қалды.

image

 

 

Қалтай Мұхамеджановтың аударуындағы «Мың бір түн» 

«Мың бір түнді» қай жастан бастап оқуға болады? Меніңше, балаңыз оны оқуға ынталы болса, оның қолын қағып керегі жоқ. «Мың бір түн» – ол әлем әдебиетінің жауһары, ал Қалтай ағамыздың аудармасында ол одан да бетер құлпыра түсті. Ол кісі өмірде әңгіменің майын тамызып тұрып айтатын болған дейді, сол қасиеті кітапты ірә байыта түскен сияқты. «Мың бір түнді» оқып жүріп, бұрын–соңды кездестірмеген сөздерді таптым, олар менің лексиконымды байыта түсті.

 

 

 

 

image

Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» поэмасы

«Арқаның кербез сұлу Көкшетауы, Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын. Жан жақтан ертелі–кеш бұлттар келіп, Жүреді біліп келіп есен–сауын. Сексен көл Көкшетаудың саясында, әрқайсы алтын кесе аясында. Ауасы дертке дауа, жұпар иісті, Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?» Өзім жартылай шөлді, шөлейт аймақта туып–өскесін (Батыс Қазақстан, Қаратөбе ауданы), Көкше секілді сұлу жерлерді осындай туындылардан көкіректегі көзіммен көріп–білетінмін. Сәкеннің осы бір жолдарын оқыған сайын, тура сол бір Көкшенің баурайында Бурабайдың салқын ауасын сіміріп тұрғандай күй кешетінмін. Осы «визуализацияның» әсері шығар, Көкшеге жақын орналасқан Астанада тұрамын, кем дегенде жылына бір рет Бурабайға барып, демалып келеміз. «Мөп–мөлдір Бурабайдың суы күміс, Көргенде шаршаған жан алар тыныс»…

Ақсәуленің ең сүйікті орыс тіліндегі кітаптары туралы осында оқуға болады

(Visited 847 times, 1 visits today)

FB комментарии

comments


Related posts

Leave a Comment