«Итті санамағанда, қайықтағы үшеу» Джером К. Джером

Күндердің күнінде үш лондондық азамат қаланың өмірінен шаршап, Темза өзенінің бойымен қайықпен саяхат жасауға бел буады. Кітап осы үшеудің және Монморанси деген әдемі аты бар иттің сол екі апталық саяхаты жайында.

 

Кітаптың ерекшелігі – сол саяхат жайында баяндай отырып, автор бұрын басынан өткен, қазіргі жағдайына ұқсайтын қызықты әңгімелерін айтып отырады. Қазіргі кино және телевидение саласында флешбек деген жақсы зат бар. Яғни, кейіпкердің басынан өткен оқиғаны естелік ретінде көрсету. Кітаптың жарты бөлігі, міне, сол флешбектерден тұрады. Кітапты оқи отыра, мен көпті көрген, салиқалы азаматпен әңгіме-дүкен құрғандай әсерде болдым. Яғни, сол адамның өткен өмірімен танысқандай болдым.  Автордың сөз саптауы, адамды қызықтыра білуі өте жоғары деңгейде. Оқиғалары бірінен бірі асып түседі, әр оқиғасы есте қаларлық. XIX ғасырдың соңында болған оқиғалар болса да, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған, әлі күнге дейін күлкілі әрі қызықты. Әсер алып қана қоймай, география, тарих жайында да білімімді толықтырдым десем де болады. Темзаның бойындағы әр қала, сол қаланың тарихи маңызы бар орындары туралы қызықты жайттармен таныстыра отырады. Ауыр драмалық шығармалардан демалу үшін, шаршағаныңды басу үшін, көңіліңді көтеру үшін таптырмас кітап.

Басты кейіпкер, Джейдің прототипі – автордың өзі. Ал Джордж және Гаррис атты кейіпкерлер, автордың шынайы достарынан жазылған екен.  Жалпы кітаптың басты ойын, өз басым, басыңнан өткен оқиғаларың, қасыңда достарың болмаса, ешқашан қызыққа толы болмайды деп түсіндім.

Назерке Исмагулова

(Visited 180 times, 1 visits today)

FB комментарии

comments


Related posts

Leave a Comment