Үздіктердің қалауы: Жұлдыз Әбділда

Жұлдыз Әбділда, журналист, «ҰЛАН» газетінің бас редакторы  

 

Қазір кітапты таңдап, талғап оқып жүргеніміз шамалы-ау. Ал бала кезде тіптен талғамайсың. Қолыңа түскенді оқисың. Міне, сондай шақта оқығаннан есімде қатты қалғаны – Андерсеннің ертегілері.

Бейбіт Қойшыбаевтың сырты көк бір кітабын жата-жастана оқып едім, аты есімде қалмапты. Сосын, Ғабит Мүсіреповтің ана туралы әңгімелері мен аудармаларын жылап отырып оқығам.

Қатты есімде қалған тағы бір шығарма – «Оң қол». Мұқабасы қаракөк түсті «Жүздесу» деген жинақ Төлен Әбдік ағамыздың «Оң қолымен» басталатын. 8-сыныпта оқимын. Интернат. Сағат 9-дан кейін ұйқыға жатамыз. Дәліздің ғана жарығы жанып тұрады. Осы «Оң қолды» сол дәлізден түсетін жарықпен оқып, неше күн өз-өзіме келе алмай, қорқып жүргенім есімде. Ол кезде оқығанымыздың бәріне риясыз сенетін едік қой.

Есейген уақытта Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетов, Дулат Исабеков, Мархабат Байғұт сияқты жазушылар жаныма жақын екенін түсіндім. Асқар Сүлейменов, Тәкен Әлімқұлов сияқты жазушыларға аса тісім бата бермейінін ұқтым.

Соңғы оқығаным… Дұрысы, соңғы уақытта маған қатты әсер еткен дүние – Джордан Сонненбликтің «Барабан, қыздар және қауіпті пирог» деген шығармасы. Қазақшаға аударған – Мұхтар Сеңгірбай. Кітаптың аты түк те тартымды емес. Есесіне, оқып отырғанда көз жасыңды тия алмайсың. Бір түсінгенім, бізде жасөспірімдерге арналған осындай кітаптар, шығармалар қат екен. Ағаларымыз әлі күнге дейін өзінің бала кезін жазады. Ал бүгінгінің баласына ол дым қызық емес…

 

Биыл біздің мектеп бітіргенімізге 20 жыл болды. Сонда мектеп бітіруші түлектерге сыйлыққа қандай кітап алсақ дегенде ойыма бірден Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі» түсті. Кітап деуге де келмейді, қойындәптер сияқты шағын ғана кітапша. Бірақ, ішіндегі кез келген жазбасы ойға қалдырады, ойландырады. Асып-тасқан көңілді сабасына түсіреді. Аптығыңды басады. Ашуыңды сабырға жеңдіреді. Қиналып, жабырқап тұрған жайың болса, оның да өтпелі екенін түсінесің. Жалпы, көңілдің кейбір сәттерінде «Бір кем дүниені» бір парақтап қойғанның артығы жоқ-ау деп түйдім.

 

Әлия Машекенова

(Visited 191 times, 1 visits today)

FB комментарии

comments


Related posts