Ләйлә Сұлтанқызының қазақ әйелдеріне айтқан 36 маңызды ойы

 

Адамдарды шартты түрде үш топқа бөлуге болады:
1) кітап оқығысы келмейтін, бірақ мазмұнын білгісі келетіндер;
2) кітап оқығысы келеді, бірақ уақыты жоқтар;
3) кітап оқып, негізгі ойларын өзіне түртіп алатындар.

Олай болса, Ләйлә Сұлтанқызының «Менің екінші кітабым» атты кітабынан теріп жазылған негізгі ойлар үш топтың де көңілінен шығуы тиіс.

Әйелдердің бәрі бірдей

Барлық әйел өзін мықты қылып көрсеткісі келеді, бірақ жарасының бетін сәл тырнасаң, әрқайсысының да өксігі бар. Әйелдердің бәрі бірдей.
****
Уақыт өте түсіндім: ешкімнің де қағанағы қарқ емес. Ең дәулетті, ең атақты, ең білімді, ең сұлу адамда да, ең қарапайым адамда да — бәрінде де бір мұң бар.
****
Әйел өз абыройын ұмытпасын. Одан да маңыздысы — ер-азамат өз абыройын ұмытпасын.

Ер адам — бөлек жаратылыс

Ер-азаматқа күш беретін, ешкімге басын идірмейтін, қасқайтып жүргізіп, тайсалмай сөйлете алатын — ең алдымен өзінің қаржылық жағдайы. Одан кейін ішкі өзегі, ата-анасының тәрбиесі, немесе қанмен берілген тектілік.
***
Ешқашан күйеуіңіздің ұялы телефонын ақтармаңыз. Ешқашан поштасын, интернеттегі аккаунттарын ақтармаңыз.
***
Бiз, әйелдер — бөлек жаратылыспыз. Ер адам — бөлек жаратылыс. Олар бiз сияқты сүймейді. Біз сияқты қабылдамайды дүниенің бәрін. Олар өздерінше сүйеді, өздерінше адал болады. Ер адамға өзі болуға рұқсат беріңіз.
***
Отбасылық өмірде адамдар бір-бірімен қалжыңдаса алуы керек. Біздің проблемамыз — көпшілігіміз бір-бірімізді күлдіре алмаймыз.
***
Күйеуіңнің жүйкесі жұқарып, жұмыстан шаршап келеді. Үйде қашан көрсең, бала-шағасына айқайлап жатқан әйел…Ал оның естігісі келетіні — мүлде басқа нәрсе.
***
Қыз болып, шыр көбелек айналып, сырласы, досы, көңілдесі, әртүрлі амплуадағы әйел бола білсең, ер-азаматтың қызығушылығы жоғалмайды.
***
Фата кигендердің, дүркіретіп той жасағандардың талайын көрдік. Олардың жартысы қазір ажырасып кетті. Мәселе — тойда емес, тойдан кейінгі түсіністік, үйлесімде.
***
Үйде отырып-ақ, күйеуін шыр көбелек айналдыратын әйелдер бар. Бірақ, әлі де аз. Қазақтың әйелдеріне осы өнерді үйрену керек.
***
Еркекке былғанбаған ар керек, мейірімді жан керек, өзін аңсатып тұратын тартымдылық, құшағына шақырып тұратын құштарлық керек.

IMGL9883

«Мен әйелмін»

Ұйқыңыз қанбады ма? — Маска! Стресс көп пе? — Маска! Ұшаққа отырдыңыз ба? — Маска!
***
Нәзіктік — біздің қаруымыз.
***
Сіздің бойыңызда бәрі — шашыңыздың ұшынан башпайыңыздың тырнағына дейін «мен әйелмін» деп тұру керек.
***
Өзі туралы ғана ойлайтын, өзінің кішкентай қажеттіліктерімен өмір сүретін әйел ешкімге де қызық емес. Адамдар туралы ойлау керек.
***
Адамды бақытты қылатын — оны жақсы көруіңіз, құшақтауыңыз, еркелетуіңіз, бетінен сүйюіңіз.
***
Үйде отырғанда өзімізді тастап жіберміз. Еңсемізді түсіреміз. Төрт қабырғаның ішіне үш баланы туамыз да ұйпа-тұйпа болып, өзіміз төртінші бала болып, күйеуіміздің мойнына отырып аламыз. Бәрін үлгеруге болады. Ал үлгермеймін десең, бір баламен де үлгермейсің.
***
Сіздің әр күніңіз бүгінге ғана емес, ертеңге салынған инвестиция болуы керек.
***
Қай уақытта да өзіңіздің жұмысыңыздың сапасын арттыратын, біліміңізді, білігіңізді көтеретін дүниеден ақша аямаңыз.
***
Маңыздылығы екінші реттегі дүниелерді ертеңге қалдыруға болады.
***
Қаламақы ұсынғанда не лайық қаламақы ұсыну керек, не мүлде ұсынбау керек.
***
Сіз қолға алған жобалардың бәрі бірдей маңызды емес.
***
«Ғаламтор менің өміріме әсер етпейді», — деу: көзге көрініп тұрған нәрсені мойындамау.

Құдай бізге не нәрсені де, өзіміз дайын болғанда жібереді

Кез-келген салада «бірінші болам» деген қауіпті. Өйткені қандай жағдайда да сенен артық, сенен сұлу, сенен білімді, сенен талантты адам табылады. Сондықтан жай ғана, Алланың берген ақ таңына рақаттана білу керек. Бірақ біз олай істемейміз ғой.
***
Ең бастысы — адамның өзінің алдындағы адалдығы. Өзіңе адал болсаң, өзгеге де адал боласың.
***
Жасы елуден асқан соң әкем бұл дүниенің қызығы өлшеулі екенін мойындады… Бәрінің өзінен-өзі болмайтынын, дүниеде ештеңенін кездейсоқ еместігін, осы тіршілік, осы ғұмырда әлдебір жасырын мағына барын түсінді-ау деймін.
***
Құдай бізге не нәрсені де, өзіміз дайын болғанда жібереді.
***
Шындықпен де алдауға болады.

24759613bfbd8212125fff254320a471

Мыстан кішкентай кезінен мақталмағаннан мыстан болды

Жаман мультфильмді де мөлшерлеп көрсету керек…Бірақ баламен бірге көру керек: ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін айтып, түсіндіріп отыру керек.
***
Сен дер кезінде баланы босата біл. Ол жауапкершілікті сезінсін. Босборбай жігіттер қайдан шығады? Өбектей беретін анадан шығады.
***
Мыстан кішкентай кезінен мақталмағаннан мыстан болды.
***
Баланы жақсы көріп, еркіне жіберу, еркелету — бір басқа да, жақсы тәрбие беру — бір басқа.
***
Бала не сізден көргенін істейді, не сіз рұқсат еткен нәрсені істейді.
***
Қалыптасып келе жатқан адам үшін өзінің бала екенін сезінуден бұрын адам екенін сезіну әлдеқайда маңызды.
***
Ата-ана балаға емес, бала ата-анаға қызмет етуді үйрену керек.

 

Айна Досмахамбетқызы

(Visited 2 279 times, 1 visits today)

FB комментарии

comments


Related posts